Вернуться к списку
Елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жаңа бағыт алмақ
Елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жаңа бағыт алмақ
28.04.2021

Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің реестрін құру жоспарлануда. Бұл туралы Мәжілісте Әлеуметтік кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі заң жобасын талқылауда айтылды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, заң жобасында алғаш рет қызметі қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған кәсіпкерлік субъектілеріне анықтама берілген.

«Заң жобасына сәйкес, кәсіпкер мәртебесін алу үшін төмендегі шарттардың кем дегенде біреуін орындауы керек: - азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін қызметкерлердің жалпы санының кемінде 50%-ын құрайтын сапалы жұмыс орындарын құру; -халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған тауарларды өндіру, оларды өткізуден түсетін табыс кәсіпорынның жалпы табысының кемінде 50%-ын құрауы тиіс; - әлеуметтік қызмет көрсету, денсаулық сақтау, білім беру және тәрбие, мәдениет және спорт салаларында қызмет көрсету», - деді Мәжілістің жалпы отырысында Екатерина Смышляева.

Заң жобасында халықтың әлеуметтік осал топтарының салалық тізбесі айқындалған, оған барлық топтағы мүгедектер, көп балалы және толық емес отбасылардан шыққан жұмысқа қабілетті азаматтар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, химиялық тәуелділіктерден емделген азаматтар, зейнет және зейнет алдындағы жастағы адамдар және басқалар кіреді.

«Заң жобасында кәсіпкерлік субъектісінің және осындай ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органдардың мәртебесін айқындау тәртібі қарастырылған. Осылайша, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін құру көзделіп отыр, тізілімге ену заңдылығын өңірлік комиссия айқындайды, ал Ұлттық экономика министрлігі тізілімге әкімшілік етеді», - дейді депутат.

Заң жобасында әлеуметтік кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың нақты шаралары қарастырылған. Оны жүзеге асыру бойынша құзыреттер жергілікті атқарушы органдарға және мемлекеттік даму институттарына беріледі.

«Мемлекеттік қолдау шаралары инфрақұрылымды қамтамасыз етуді, гранттық қаржыландыруды, кредиттер бойынша мөлшерлемелерді субсидиялауды, мүліктік қолдауды, салықтық жеңілдіктерді, оқытуды, ақпараттық сүйемелдеуді, іскерлік әріптестерді іздеуге жәрдемдесуді және акселерациялық бағдарламалар арқылы дамытуды көздейді», - деп түйіндеді депутат.