Вернуться к списку
Президент мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған заңға қол қойды
Президент мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған заңға қол қойды
01.11.2021

2021 жылғы 12 қазан күні Президент мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Заң мүгедектігі бар адамдарды, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды, еңбек ардагерлерін және басқаларды қоса алғанда, азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау заңнамасын жетілдіру мақсатында әзірленді.

Құжат 65 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырады. Заңда мынадай жаңалықтар бар.

Бірінші. I топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдарға жәрдемақы енгізу. Бұл 23 мыңнан астам адам, олар бала кезінен мүгедек болып табылмайды.

Екінші. 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу ұсынылады және оларға жәрдемақылардың мөлшері ұлғаю жағына қарай қайта қаралады.

Үшінші. Банкроттық рәсімдерін жүргізу кезеңінде жұмыс берушінің міндеттемелерін орындау мүмкін болмаған жағдайда, еңбек жарақатынан немесе кәсіптік аурудан мүгедек болған адамдарға мемлекет есебінен оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету түрінде әлеуметтік қолдау көрсету ұсынылады.

Төртінші. Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың кәмелетке толғаннан кейін және бала I және II топтағы мүгедек мәртебесіне көшкеннен кейін мемлекеттік қордан тұрғын үй алғанға дейін есепте тұру құқығы сақталатын болады.

Бесінші. Мемлекеттік сатып алу арқылы мүгедек адамдарды оңалтудың техникалық құралдарымен және көрсетілетін қызметтерімен қамтамасыз етуге баламалы құқық беру. Сондай-ақ, Әлеуметтік қызметтер порталына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы қамтамасыз ету қызметтері ауыстырылатын болады.

Алтыншы. Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар алуға бір мезгілде құқық беру.

Сондай-ақ, Заң жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу тәсілдерін өзгертуге, жұмыспен қамту орталығын «электрондық еңбек биржасы» арқылы ұсыныс іздеп жүрген және алған адамдардың лайықты жұмысқа келісетіні немесе одан бас тартатыны туралы хабардар етуге және әйелдердің еңбегін пайдалану шектелетін жұмыстардың тізімін алып тастауға бағытталған.

Бұл Заң мүгедек адамдарды әлеуметтік қолдау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, олардың қоғам өміріне неғұрлым белсенді кірігуіне ықпал ететін болады.