Вернуться к списку
2023 жылдың соңына дейін медициналық-әлеуметтік сараптама қызметтерінің 50% проактивті форматқа көшіріледі
2023 жылдың соңына дейін медициналық-әлеуметтік сараптама қызметтерінің 50% проактивті форматқа көшіріледі
07.07.2022

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ҚР Үкіметінің отырысында 2023 жылдың соңына дейін медициналық-әлеуметтік сараптама жұмысын толығымен қайта форматтау және осы саладағы қызметтердің 50% - ын проактивті форматқа көшіру жоспарланғанын хабарлады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сай мүгедектікті белгілеудің проактивті немесе «сырттай куәландыру» форматына көшуді бастадық. Оның мәніазаматтың денсаулық жағдайына қатысты ақпарат пен осыған байланысты тіршілік қалыбының өзгеруі жөніндегі дәрігердің қорытындысы медициналық ақпарат жүйесіне енгізіледі. Ондағы ақпарат Еңбек министрлігінің Мүгедектігі бар азаматтар туралы орталықтандырылған мәліметтер базасына келіп түседі. Бұрын базадан оны әркімнің тұрғылықты жеріне жолдайтынбыз.Енді ешкімнің жеке мәліметін көрсетпей, автоматты түрде үш өңірдің сарапшылар комиссиясына жібереміз. Комиссияның қорытындысы негізінде шешім қабылданып, ол шешім азаматтарға ыңғайлы форматта жолданатын болады», - деді Тамара Дүйсенова.

Бүгінге дейін 25 мыңнан астам құжат немесе осы салада көрсетілетін мемлекеттік қызметтің 21 пайызы осындай форматпен қаралды.

«Бұл бағыттағы жұмысты Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп атқарып жатырмыз. 2023 жылдың соңына дейін медициналық-әлеуметтік сараптама жұмысын түбегейлі өзгертіп, осы саладағы қызметтің тең жартысын проактивті форматқа көшіруді жоспарлап отырмыз. Денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі мен азаматтардың денсаулық картасы енгізілгеннен кейін оған толық көшеміз», - деді министр.

Сырттай куәландыру азаматтардың медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясына ұсынатын қағаз құжаттардың барлық түрлерін толығымен алып тастауға; сараптамаға бейінді мамандарды тарту есебінен азаматтардың тыныс-тіршілігінің шектелу дәрежесін неғұрлым дәл белгілеуге; көрсетілетін қызметтер мен техникалық құралдардың нақты тізбесі бар оңалтудың атаулы жеке бағдарламасын әзірлеуге мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.