
Оңалту құралдарының стандарттары, баға саясаты және жеткізушілерді Әлеуметтік қызметтер порталында тіркеу шарттары қайта қаралатын болады. Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова хабарлады.
Еңбек министрлігінің басшысы порталда мүгедектігі бар адамдар өздерінің жеке оңалту бағдарламасына сәйкес оңалту қызметтері мен техникалық құралдарын өз бетінше таңдай алатынын атап өтті.
«Бұрын осы жұмыстың бәрі жергілікті жерде атқарылатын. Жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың қызметіне сын-ескерту өте көп айтылатын. 2021 жылы Порталдың іске қосылуы жеке оңалту бағдарламаларының орындалуын 87 пайызға жеткізді. Сондай-ақ, оңалтуға қажетті құралдармен және қызметтермен қамтамасыз ету мерзімін 8 айдан 14 күнге дейін қысқартуға, қай жерде тұрғанына қарамастан барлық мұқтаж адамның қызметтер мен техникалық құралдарға қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Құрал-жабдықтар мен қызметтерді және оны берушіні әркім өз бетімен таңдау мүмкіндігіне ие болды. Яғни, азаматтар қызметтің сапасына, оны берушінің іскерлік беделіне және өзгелердің пікіріне сүйене отырып, не алатынын өзі таңдайды», - деді Тамара Дүйсенова.
Министрқұралдардың сапасына, өнім өндірушілердің баға саясатына және олардың өз міндетін адал әрі ұқыпты атқаруына байланысты әлі де сұрақтардың бар екенін атап өтті.
«Осыған орай, оңалту қызметі мен құралдардың стандарты, баға саясаты және тиісті қызметті ұсынушыларды Порталға тіркеу шарттары қайта қаралатын болады. Біз «қызмет алушылардың соңынан ілесетін қаржы» қағидатын енгіземіз. Бұл шаралар қызмет көрсету нарығын дамытуға жағдай жасауға және қызмет ұсынушыларды әділ бәсекеге ынталандыруға бағытталған», - деді Тамара Дүйсенова.