
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ҚР Үкіметінің отырысында мүгедектігі бар адамдар тұратын жерлерде арнаулы әлеуметтік қызметтер нарығын кезең-кезеңімен либералдандыру аясында сыйымдылығы шағын арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары құрылатынын хабарлады.
«Бүгінде осы нарықта жеке, мемлекеттік және үкіметтік емес сектордың 900-ге жуық ұйымы бар. Олар «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» заңмен бекітілген кепілді мемлекеттік қызметтің 8 түрін көрсетеді. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесінде соңғы жылдары 770 мүгедектігі бар бала интернаттан отбасына оралды. 800-ге жуық ата-ана балаларын қарауды әлеуметтік ұйымдардың күндізгі бөліміне тапсырып, жұмысқа орналасты», - деді Тамара Дүйсенова.
Министр бұл қызметтердің қалалар мен облыс орталықтарында ғана көрсетілетінін атап өтті. Ауылдарда тұратын мүгедектігі бар азаматтардың 45%-дан астамы жергілікті бөлімшелер үйде ұсынатын жалпы әлеуметтік жәрдемге ғана қол жеткізе алады. Көп жағдайда оңалу әлеуеті жеткілікті екеніне қарамастан, мүгедектігі бар адамдар облыс орталықтарында немесе басқа өңірлерде орналасқан интернатқа жіберіледі.
Сондықтан мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігін пайдалана отырып, мүгедектігі бар азаматтар тұратын жерлерде сыйымдылығы шағын үйлер ашылады.